Атырауда күзгі-қысқы аңшылық маусымы басталды

Өңірде күзгі-қысқы аң аулау маусымы кезең-кезеңімен ашылуда. Қыркүйек айының бірінші сенбісінен бастап жанаттəрізді итті, жабайы шошқаны, шілгені аулауға рұқсат етілсе, 15 қыркүйектен үйрек, қаз, қасқалдаққа аңшылыққа шығуға болады. Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалқаров мəлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Биыл өңірде аң аулауға арналған 3 орын бекітілді. Олар Жылыой, Исатай жəне Құрманғазы аудандарында. Аң аулау жұмыстары арнайы жолдама арқылы іске асырылады. Биылғы аңшылыққа жолдама соммасы 6000-21000 теңге аралығын құрайды. Ал аңдар, құстар, балықтарды аулау мерзімі кезең-кезеңімен ашылады.

«Осы жылдың 1 шілдесі мен 30 қарашаға дейін шалшықшыны, 20 тамыз бен 30 қараша аралығында кептерді аулау рұқсат етілсе, қыркүйек айының бірінші сенбісінен бастап жанаттəрізді итті, жабайы шошқаны, шілгені жəне 15 қыркүйектен үйрек, қаз, қасқалдақты қақпанға түсіруге болады. Сондай-ақ бірінші қараша мен 2024 жылдың 15 ақпанына дейін түлкі жəне қоянға аңшылыққа шығуға мүмкіндік бар. Атырау облысында 6500-ден астам аңшы бар. Алайда олардың 2500-ден астамы ғана белсенді түрде аңға шығып, облыстық аңшылар жəне балықшылар қоғамының мүшесі атанып отыр. Сондай-ақ өткен жылы 80 аңшы аңшылыққа жолдама алса, биыл 1200 аңшыға жолдама беру көзделіп отыр», деп айтты Атырау облысы бойынша қоғамдық бірлестіктер мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы өкілдігінің директоры Александр Ивасенко.

Қасиет Бахкерейқызы