Бұл туралы әлеуметтік желідегі тікелей эфирде облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері қызылшамен ауырғандар саны 1400 адамға жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Қызылша ауруы бойынша Атырау Шымкенттен кейін екінші орында. Осыған байланысты облыста жедел штаб құрылды. Оның құрамына дәрігерлер, эпидемиологтар және облыс әкімдігінің өкілдері кірді. Жыл басынан бері облысымызда қызылша ауруының 1400 жағдайы тіркелді. Олардың 90 пайызы 10 жасқа дейінгі балалар», - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде N2 облыстық ауруханада 110 адам ем қабылдап жатыр. Төсек тапшылығына байланысты ауруханаларда қосымша төсек-орындар шығарылуда. Ж.Бисембиевтің айтуынша, қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау үшін қараша айының ортасында облысқа 40 мың данаға жуық вакцина жеткізіледі.
«Қызылша – өте жұқпалы ауру, оны көбіне екпе алмаған балалар жұқтырады. Өңірге қосымша вакциналар келген бойда біз балаларды жас санаттары бойынша жаппай егу жұмыстарын бастаймыз. Емханаларда, сондай-ақ балабақшаларда қосымша егу пункттері ашылады», - деп түйіндеді ол.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА