Атырауда қызылша ауруымен күресу үшін жұмыс комиссиясы құрылады

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұнайлы өлкеде қызылша ауруының саны артқан. №2 Атырау облыстық ауруханасының директоры Надя Ерғалиеваның айтуынша, жұқпалы аурудың өршу себебі - вакцинадан бас тартушылардың көптігінде. Осы жылдың тамыз айында 45 қызылша ауруы тіркелсе, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 201-ге артып отыр. Ал былтыр қызылша диагнозымен 2 адам тіркелген.

- Биыл 9 айлық көрсеткіші бойынша 444 ауру жұқтырғандар тіркелді. Қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері келуде. Бұл өрескел қателік. Жұқпалы ауруды жұқтырған азаматтар үйінде оқшауланып немесе ауруханаға жедел жәрдем арқылы жеткізілуі тиіс. Аудандық бөлім басшылары халықты ауру бойынша толық ақпараттандырып, алдын-алу жұмыстарын жіті қадағалауы қажет, - деді Н.Ерғалиева.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қызылшамен күрестің әлі де шикі және халықты ақпараттандыру аз екенін алға тартты.

- Аудандық көрсеткіштер көңіл қуантпайды. Халықты ақпараттандыру аз. Бұқара әлі бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін сезінбеуде. Мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысына жүйелі тапсырмалар тапсырамын. Қызылша ауруымен күрес бойынша арнайы коммиссия құрылып, жағдайды толық бақылауға алуымыз керек. Кезінде короновирусты бірігіп ауыздықтадық. Дәл сондай ауызбіршілікті осы уақытта тағы да көргім келеді, - деді Ж.Бисембиев.

Алқа отырысын қорытындылай келе, аймақ басшысының орынбасары облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевке бірқатар тапсырмалар жүктеді және бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда болатынын ескертті.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА