Атырау облысында қысқы кезеңге дайындық толық пысықталды, - деп хабарлайды AtyrauPress.
2025–2026 жылдардағы қысқы кезеңде облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, биыл қыс алдында республикалық маңызы бар жолдарда 62 қар басатын аймақ белгіленіп, сол учаскелерге 66 ескерту белгісі қойылған.
«Көктайғақтың алдын алу үшін 3800 тонна тұз бен 6100 м³ құм дайындалды. Жолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге 37 техника мен 66 қызметкер жұмылдырылады», – делінген ақпаратта.
Теміржол бағыттарында да дайындық жүргізілген.
«Қауіпті учаскелер анықталып, қар ұстау қалқандары орнатылды. ҚТЖ тарапынан 12 бірлік қар тазалау техникасы әзірлікке қойылды», – дейді департамент мамандары.
Жергілікті атқарушы органдар да қысқа толық дайын.
«Қысқы төтенше жағдайларға 398 автокөлік пен 844 қызметкер дайындалды. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 4169 адамды қамтитын 32 жылыту пункті жұмыс істейді», – деп атап өтті ведомство.
Сонымен бірге 380 тонна тұз, 617 тонна құм, 29 300 литр бензин және 41 870 литр дизель отыны қоры жасақталған.
Энергетикалық және коммуналдық нысандар да тексерістен өтті.
«Жылу, су, кәріз және электр желілеріне толық жөндеу жүргізілді. Қосалқы стансалар, тарату пункттері, жылу агрегаттары жаңартылып, қосымша 3000 тонна мазут сатып алу жоспарланды», – делінген хабарламада.
Білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлер де қыстық режимге толық дайын екені атап өтілді.
Айта кетейік, Атырау облысында жалпы 6553,6 шақырым автожол бар. Оның 1125,6 км – республикалық, 1927 км – облыстық, ал қалғаны – ауылішілік және қалалық жолдар.