Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалаған блогер ұсталды (Видео)

Атыраулық полицейлер кәсіпкерден ақша бопсалаған блогерді ұстады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығында жеке кәсіпкердің қызметін бейнежазбаға түсіріп әлеуметтік желіге жүктемеймін және құзырлы органдарға хабарламаймын деп 2 млн теңге ақша қаражатын бопсалаған 26 жастағы блогерді ұстады. Күдікті ақпан айы басталғалы кәсіпкердің азық-түлік сататын маркетінің қызметін бірнеше мәрте бейнежазбаға түсіріп, тауар салынған сөрелерін ақтарып шу шығарған. Кейін оны жарияламау үшін 2 млн теңге қаражат сұрап, тегін азық-түлік алып кетемін деп 47 мың теңгені құрайтын тауардың ақысын төлемей алып кеткен. Сондай-ақ, ақпан айында сот ғимаратындағы қызметтік бөлмедегі киім қалтасынан 20 мың теңге қаражатын ұрлағаны анықталды", - делінген хабарламада.

Қазір күдікті қамауда жатыр. Оған қатысты ұрлық және бопсалау деректеріне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Күдіктінің өзге де қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр. 

Полицейлер осы блогерге қатысты қандай да бір ақпаратты білсеңіз немесе оның осындай әрекеттеріне куә болсаңыз 98-22-05 немесе 102 арнасына хабарлауыңызды сұрайды.

Эльмира Мықтыбаева