Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Махамбет ауданында орналасқан «Meken Chicken» құс фабрикасының жұмысымен танысты.
Аталған кәсіпорын құс етін өндіру және өңдеумен айналысады. Қазіргі уақытта фабрикада заманауи технологиялар енгізіліп, толық өндірістік цикл жолға қойылған. Мекеме өз өнімдерін ішкі нарыққа жеткізу арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін 90%-ға дейін қамтамасыз етуге дайын.
Жалпы жобаның құны – 4,4 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 4000 тонна бройлер етін өндіре алады. Бүгінде бройлерлерді бордақылауға арналған 4 ғимараттың құрылысы толықтай аяқталған.
Кездесу барысында кәсіпорын басшылығы өндірістік қуат, жұмыс күші, нарықтағы сұраныс пен экспорттық әлеует туралы кеңінен мәлімет берді. Сонымен қатар, инфрақұрылым, еңбек ресурстары мен логистика саласындағы кейбір өзекті мәселелер де қозғалды.
Ерболат Саурықов ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу еліміздің экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол осындай жобаларға мемлекеттік қолдау жалғасатынын жеткізіп, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.