Өткен демалыс күндері «Атырау облысы су арнасы» КМК жұмысшыларына 110-нан астам шақырту түсіп, кәріз құдықтарын түрлі қоқыстардан тазалады. Мәселен, тазалау кезінде кәріз жүйесінен өлі күшік пен кілем және басқа да бөгде заттар шығарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Атырау облысы су арнасы» мекемесіне қарасты Кәріз насостық стансасының бастығы Жеңіс Кисимовтың айтуынша, қалада күніне жоқ дегенде 20 шақырту түседі. Ал бұл демалыс күндері жұмысшылардың бас көтермей жұмыс істеуіне тура келді. Өйткені 100-ден астам шақыртуға үлгеру қажет болды.
«Адамдардың көбі үйден шыққан тұрмыстық қоқысты тиісті жерге апармай, кәріз құдығына тастап кетеді. Бұл жолы күшік, кілем мен күртеше және басқа да заттарды шығарып алдық. Ал унитазға жеке гигиеналық заттарды тастап, тамақ қалдықтарын төгетіндер бар. Тіпті қазан түбінде қалған майды да унитазға төгетін болсаңыз, ол мына суық күнде қатып қалады да құбырдың бітелуіне әкеп соғады. Біле білсеңіздер, дәрет қағазын да тастауға болмайды. Дүкендерде суға түскенде еріп кететін түрлері сатылады. Бірақ ол қымбат болғандықтан, халық ала бермейді», - дейді Жеңіс Кисимов.
Жұмысшылардың айтуынша, кәріз жүйелері жиі бітеледі. Бұл қала тұрғындарының дренаждық желілерді дұрыс пайдаланбауынан туындап отыр. Сондықтан да олар инженерлік желілерді дұрыс пайдалану қажеттігін, яғни көп мөлшерде тамақ қалдықтарын, шүберектерді, кілемшелерді, сүлгілер мен басқа да заттардың кәріздік желіге түсуіне жол бермеуді сұрайды.
Айта кетейік, қазір қалада 5 бригада жұмыс істейді. Оның әрқайсында 5 жұмысшыдан бар.
Эльмира Мықтыбаева