Атырауда кәріз суын төгіп жатқан көліктердің видеосы тарады
Атырау облысы бойынша экология департаменті 25 тамызда әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Атырау қаласындағы Ерік Мостовой каналына вакуумдық кәріз сорғыш көліктердің кәріздік суларды төгіп жатқан бейнежазбасын байқады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 212 бабында Жер бетінің, жер қойнауының, жерүсті және жерасты суларының ластануын болғызбайтын, қалдықтарды орналастыру және сарқынды суларды төгу үшін жабдықталған және соған арналған объектілерді қоспағанда, жерүсті немесе жерасты суларында су сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың немесе деңгейлерде физикалық әсер етудің болуы су объектілерінің ластануы деп танылады. Ал, 213-бабында сарқынды сулардағы ластағыш заттардың жерүсті және жерасты су объектілеріне, жер қойнауына немесе жер бетіне түсуі ластағыш заттардың төгілуі (бұдан әрі – төгінді) деп түсініледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ҚР ӘҚБТ) 505-бабында қалалар мен елдiмекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елдімекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіруге қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірақ, ҚР ӘҚБТ 685-бабына сай ҚР ӘҚБТ-ның 505-бабында көзделген әкімшілік істерді қарау Iшкi iстер органдарының құзыретіне жатады, - дейді обылстық экология департаментінің өкілі Эльнара Оралова.
Осы айтылғандар негізінде департамент Ерік Мостовой каналын қалдықтардан тазалау шараларын қабылдап, заңбұзушылыққа жол берген кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартылуын қамтамасыз ету жөнінде Атырау қалалық полиция басқармасына хат жолдады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ