Елімізде 6 маусым күні қасиетті Құрбан айт мерекесін тойлау бастау алады. Осынау мереке қарсаңында біз биыл ғана қызметіне кіріскен Атырау облысының және «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Ұласханұлымен арнайы сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Болатбек Ұласқанұлы, алдымен Құрбан айттың қадір-қасиетіне тоқталып өтсеңіз.
– Құрметті жерлестер, ардақты ағайын! Баршаңызға күллі мұсылман жұртшылығы үшін аса қадірлі де қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Қайыр мен сауапқа, ізгілік пен берекеге толы бұл мейрам – тек мал шалу рәсімі ғана емес, ол – жүректі мейірімге бөлейтін, мұсылманды сабырға, шүкір мен тәубеге жетелейтін ұлық рухани күндердің бірі. Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың сын сағатында Аллаға деген шексіз мойынсұнушылығы мен сенімінен бастау алады. Қасиетті Құранда баяндалғандай, Алла Тағала Ибраһим пайғамбарды ұлы Исмаилді құрбандыққа шалуға бұйырғанда, ол бұл бұйрықты толық қабыл етіп, шын ықыласымен орындауға бекінеді. Осы оқиға – құрбан шалудың мән-маңызын айқындайтын терең тағылымға толы мысал. Бұл – Жаратушыға деген ықылас пен адалдықтың, иман мен тәубенің көрінісі.
Міне, содан бері әр жылы Зұлхижжа айының 10, 11, 12 күндері әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандар Құрбан айт мейрамын атап өтеді. Бұл күндері Алланың разылығы үшін құрбандық шалынып, мұқтаж жандарға ет таратылып, ізгі амалдар орындалады. Бұл – әлеуметтік әділдік пен теңдіктің шынайы көрінісі. Шын мәнінде, Құрбан айт тек мал шалу рәсімімен ғана шектелмейді. Бұл мейрам – жүректі тазартып, ниетті түзейтін, жан дүниені жаңғыртатын кезең.
Қасиетті Құранда: «Олардың еттері де, қандары да Аллаға бармайды. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»
(Құрбан сүресі, 37-аят) делінген.
Демек, айттың ең басты мәні – ниет пен ықыласта. Құрбандық арқылы біз өз ішкі дүниемізге үңіліп, жүрегімізді мейірім мен сабырға толтырамыз. Жетім мен жесірді, мұқтаж бен науқасты еске алып, жәрдемдесу – шынайы құрбандықтың белгісі. Бабаларымыз Құрбан айтты ерекше қастерлеп, оны ел бірлігі мен татулығын нығайтатын рухани мерекеге айналдырып отырған. Айт күндері ауыл-ауылды аралап, үлкендерге сәлем беріп, өкпе-ренішті кешіріп, ағайын-туысты табыстыру – халқымыздың ғибратты дәстүріне айналған. Бүгінде бұл құндылықтар жаңғырып келеді.
– Сонда, 6 маусым – Құрбан айттың алғашқы күні ме?
– Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады. Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді. Зулхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.
Ал арапа күні ораза тұту – сүннет.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастырымыздың қажылығы қабыл болғай. Әмин!
– Ал, Атырауда Құрбан айт қалай тойланады?
– Атырау облысында Құрбан айт мерекесі жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Мешіттерде айт намазы оқылып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, халыққа рухани насихаттар айтылады. Әсіресе, жастардың дәстүр мен дін сабақтастығына бет бұруы – қуанышты құбылыс. Қоғамдағы татулық пен бірлік, адамгершілік пен сабыр – кез келген өркениетті елдің негізі. Құрбан айт – осындай құндылықтарды жандандырып, ұлттың рухани дамуына ықпал ететін маңызды кезең. Бұл күндері жетімнің жылағаны тоқтап, жалғыздың жанарына үміт ұялап, мұқтаждың жүзіне күлкі үйірілсе – міне, құрбан айттың шынайы жемісі осы.
Облыс бойынша мешіттерде биыл да айт мерекесіне орай кең көлемде іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде – рухани жыр-термелер мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін кештер; интеллектуалды сайыстар мен жасөспірімдерге арналған насихаттар; мұқтаж отбасыларға құрбан етін тарату; мешіт жамағатымен бірлескен игі істер бар.
Құрметті ағайын! Құрбан айт – жүрекке иман ұялататын, жамағатқа бірлік сыйлайтын, қоғамға мейірім тарататын қасиетті мереке. Бұл күндері жақыныңызға жақсы сөз айтып, көмекке мұқтажға қол ұшын беріп, отбасылық байланыстарды нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ендеше, Жаратушы Иеміз қасиетті Құрбан айт мейрамын қабыл етіп, елімізге тыныштық пен береке, шаңырағымызға бақ пен амандық нәсіп етсін! Айт қабыл болсын! Айт құтты болсын!
– Қашықтан құрбан шалуға бола ма?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.
– Өңірде Құрбан шалуға қанша орын белгіленіп отыр?
– Аймақта қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында дайындық шаралары атқарылуда. Құрбан айт тек діни рәсім емес, қоғамдағы ізгілік пен татулықты насихаттайтын маңызды рухани мереке. Сондықтан да бұл күнгі іс-шаралар халқымыздың бірлігі мен мәдени құндылықтарын нығайтуға бағытталады. Айт намазы 6 маусым күні таңғы сағат 06:30-да облыс мешіттерінде оқылады. Осы рәсімнен кейін құрбан шалу басталады. Биыл да құрбан шалуға ниет еткен тұрғындар үшін арнайы мал сою орындары белгіленіп, санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.
Құрбан айт – мұсылман баласына сабыр мен шүкіршілікті, бауырмалдық пен қайырымдылықты үйрететін ұлы мейрам. Бұл күн – Жаратушыға жақындаудың, жақсылықта жарысудың, бірлікті бекемдеудің белгісі. Сондықтан мейрам аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты қарияларға құрбан еті жеткізіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Құрбандық шалу дәстүрлі түрде онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Онлайн тапсырысты qurban.muftyat.kz сайты арқылы беруге болады. Порталда мал түрі, бағасы мен сипаттамасы толық көрсетілген. Құрбан шалынғаны туралы бейнемәлімет өтініш иесіне жіберіледі.
Қазір қала бойынша мал сойылатын орындар дайындалып жатыр. Атап айтқанда, «Адал» мал сою орны, «Иманғали» және Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мешіттердің жанынан мал сою орындары белгіленген. Құрбандық шалу рәсімдерін арнайы оқудан өткен 14 білікті қасапшы атқарады. Құрбандық етін мұқтаж азаматтарға жеткізу ісіне имамдар мен еріктілер жұмылдырылады. Мұқтаждар тізімі арнайы база арқылы анықталады. Мешіттерде Айт мейрамына орай ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға тәттілер үлестіріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге мал бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде арнайы ескерту де жасалды.
Сөзімнің соңында барша жұртшылықты Құрбан айт мерекесін игі амалдармен қарсы алуға, мейірім мен қайырымдылықты ту етуге шақырамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: amin.kz