Атырауда көпбалалы ананың тұрғын үй кезегі сот арқылы қалпына келтірілді

Бұл туралы AtyrauPress тілшісі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының берген ақпаратына сүйеніп хабарлайды.

Көпбалалы анананы «Жылыой ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі қызметкерлері тұрғын үйге кезегіненалып тастаған. Бұған қарсы болған әйел бұл істі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында даулады.

Талап қоюшы жалғызілікті ананың асырауында кәмелетке толмаған бес баласының бары және үй жалдап тұратыны анықталды.

«Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73 бабының 5) тармақшасына сәйкес, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды делінген. Істі қарау барысында тараптар судьямен жүргізілген медиациялық келісімге келді. Медиациялық келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшының тұрғын үйге кезегін бір ай ішінде қалпына келтіруге міндеттенді», - деп мәлім етті баспасөз қызметіндегілер.

Нәтижесінде дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім бекітіліп, оны орындамау салдары тараптарға түсіндірілді.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Эльмира Мықтыбаева