Атырауда қоғамдық орындардағы тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде

Өңірде жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейі 23 пайызға төмендеген. Алайда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көрсеткіші, керісінше, 64 пайызға артқан. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті аға инспекторы Әсет Сағынтаев Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеді.

-    Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының емес, барлық тұрғынның ортақ міндеті. Түнгі уақытта көңіл көтеру орындарынан мас күйде шыққандар тарапынан жасалатын бұзақылықтар мен жанжалдар қала өміріне қауіп төндіруде. Біз осыған байланысты мобилді топтармен, патрульдік полиция жасақтарымен жұмыс жүргізіп отырмыз, – деді Әсет Сағынтаев.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы қылмыстар саны 2364-тен 1820-ға дейін азайған. Ал қоғамдық орындардағы қылмыстар 481-ден 405-ке қысқарса, көшедегі қылмыстар 260-тан 189-ға дейін (–27,3%) төмендеген.

Дегенмен жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылықтар 42-ден 69-ға дейін көбейіп отыр. Мамандардың сөзінше, бұл көрсеткіш ата-аналар бақылауының әлсіреуі мен жазғы демалыс кезіндегі профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіздігінен. Осыған байланысты жыл басынан бері 370-ке жуық локальді профилактикалық іс-шара өткізіліп, 130-дан астам бала, оның ішінде 74-і профилактикалық есепке алынды.

Сондай-ақ қылмыстық жағдайлар жиі тіркелетін көңіл көтеру мекемелері мен олардың айналасында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, түнгі уақытта спирттік ішімдіктердің тоқтаусыз сатылуы тұрғындардың тыныштығына елеулі әсер етуде. Мысалы «Флория», «Айжан», «Нота», «Рыба моей мечты», «Башня», «Крокус» секілді орындардағы жұмыс таңғы 6-7-ге дейін жалғасады.

Спикердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін әр апта сайын жұма, сенбі және мереке күндері «Тосқауыл» мобильді топтары жұмылдырылуда.