Атырауда көлік жуу операторы жарақат алды

Атырау қаласының тұрғыны ЖШС-ға 2022 жылы шарт бойынша көлік жуу операторы болып жұмысқа қабылданған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 3 айдан кейін жуу механизмінің берілістерімен техникалық тұзды ұсақтау кезінде сол қолынан жарақат алған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жазатайым оқиға фактісін ЖШС-не хабарлап, оны тексеру үшін комиссия тағайындау туралы бұйрық шығарған, нәтижесінде жазатайым оқиғаның өндірістік қызметпен байланысты екендігі анықталып, оның 30%-ы жұмыскердің кінәсінен және 70%-ы жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталған. ЖШС сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне шағым түсіргенмен, арнайы тергеу актісі өзгеріссіз қалды. Сондықтан, ЖШС сотқа мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жазатайым оқиғаны арнайы тексеру актісін жоюы жөнінде әкімшілік талап қоюмен жүгінген. Атырау МАӘС-ы және апелляция арнайы тергеп-тексеру даулы актісінің заңдылығын атап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.  Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағының 25) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға ішкі бақылауды жүзеге асыруға міндетті.  Белгіленген мән-жайлардан және зерттелген іс материалдарынан жәбірленушінің әрекетінде өрескел абайсыздықтың субъективті белгілері бар екені анықталды.

 Сонымен қатар, сот келесі фактілерді сенімді түрде анықтады және іс материалдарымен жұмыс беруші тарапынан жоққа шығарылмады:

1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау болмаған;

2) ұсатқыш механизмінің қорғаныс қабығын орнату бойынша шаралар қабылданбаған;

3) жазатайым оқиға болған күні жұмысшылардың қажетті саны қамтамасыз етілмеген.

Жұмыскер мен жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін дұрыс анықтау, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру барысында жауапкер тарапынан бұзушылықтардың болмауы, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды тиісті деңгейде бақылауға алмауы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешіміне негіз болды. ЖС ӘЖСА жергілікті соттардың қорытындысымен толық келісіп, талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ