Төтенше жағдайдың алдын алуда оқуды үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Атырауда орналасқан. Мұнда екі күн бойына профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Тасқын кезінде күштер мен объектілерді басқаруда жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетін пысықтау, жедел басқару ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау мақсатында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, ҚР ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және күштік құрылымдар мен еріктілер қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығу жиынын ашқан Қайрат Нұртаев облыста төтенше жағдайлардың алдын алу үшін атқарылған жұмыстарға тоқталып, штаб жұмысына сәттілік тіледі.
"Атырау облысы әкімдігі тарапынан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық жарақталуына аса мән беруде. Өрт сөндіру деполары пайдалануға беріліп, лизинг арқылы 30 бірлік техника мен құрал-жабдықтар және республика көлемінде 24 қабатқа дейінгі биіктікте су шашатын арнайы техника сатып алынды. Атырау қаласының судан құтқару бөлімшесіне жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, қажетті техникалармен жарақтандырылды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырау облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылуда",-деді Қ.Нұртаев.
Кейін төтенше жағдай туралы сирена іске қосылды. Бұл арқылы «Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығы тексерілді.
Кейін Бесікті ауылы тұсындағы Жайық өзені бойында шұғыл авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Мұнда жаға бекітіліп, бөгеттер нығайтылды. Бесіктінің тұрғындарын «Күншуақ» балабақшасына эвакуациялап, тіркемелі мотопомпалармен су сору жұмыстары жасалды. Сондай-ақ ауыл тұсындағы Жайық өзенінен автокөлікпен мұздан өтіп, суға түскен адамды құтқару бойынша іс-қимылдар пысықталады.
Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізіледі.
Былтыр Жайық өзені бойында 590 км бөгет, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 49 су өткізгіш қондырғы орнатылды. Өзен учаскелерінде 7 км жағалау нығайтылып, 121 км түбі тереңдетілді.
Нөпір судың салдарымен күреске 1510 адам, 244 техника, соның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын.