Атырауда көктайғақтан екі адам көз жұмды... (+ВИДЕО)

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Құрметті Атырау облысының тұрғындары және қонақтары! Сіздерден тас жолдарда жолаушы ретінде аман-есен жетулеріңіз үшін ескерту үндеу жолдағым келеді. Соңғы уақытта өздеріңізге мәлім облыс аумағында адам өлімімен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп, адам өмірін қиып, үлкен зардаптар әкелуде. Мәселен, 18 желтоқсан күні сағат 11:40 шамасында Актобе-Атырау-Астрахань республикалық маңызы бар тас жолының 497-шақырымында 1980 ж.т жүргізуші Toyota Corolla көлігін басқарып, қарсы бетте келе жатқан Chevrolet Cobalt автокөлігімен соқтығысты. Chevrolet Cobalt көлігін 1997 жылғы жүргізуші басқарған. Жол апатының салдарынан, Chevrolet Cobalt көлігінің жолаушысы, 1954 жылғы әйел адам әртүрлі дене жарақаттарын алып, аудандық ауруханаға жеткізілген, бірақ кейінірек реанимацияда көз жұмған. Кешке сағат 22:30 шамасында Мақат ауданының Мақат ауылында 1991 жылғы жүргізуші Nissan Maxima көлігін басқарып, қарсы келе жатқан Газ-3302 көлігімен соқтығысты. Газ-3302 көлігін 2000 жылғы жүргізуші басқарған. Жол апаты салдарынан Nissan Maxima көлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан ауруханада қаза тапты.

Аталған 3 жол апаты да жүргізушілердің қолайсыз ауа райында көліктің басқару жүйесін игере алмағандығынан орын алған. Сондықтан, қыс мезгілінде ауа райына байланысты болжамдарға және 112 желісінен келетін хабарламаға аса мән беріп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне мұқият болуларыңызды сұраймын! Құрметті жүргізушілер, егерде Сіздер адам өліміне әкеліп соқтыратын жол-көлік оқиғасына жол берсеңіздер, ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы негізінде қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар. Яғни 5 жылдан 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құрметті жолаушылар егерде Сіздер жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ұялы телефон пайдаланғанын немесе көлікті шаршаңқы басқаруын байқасаңыз дереу ескерту жасаңыз немесе 102 операторына хабар беріңіз. Бұл өзіңіздің және басқада өзгенің өмірімен денсаулығының сақталуына тигізген пайдаңыз екендігін ұмытпаңыздар" делінген хабарламада.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ