Атырауда «Қауіпсіз аула» акциясы басталды

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті арнайы брифингте мәлімдеді.

«Қыс маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аула аумақтарында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Әсіресе, көпқабатты үйлердің жертөлелері мен шатырларына бақылау жүргізіліп жатыр», – деді мамандар.

Департамент өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта аулаларда өрт шығу қауіпі артқан. Көп жағдайда себеп — тұрғындардың қоқыс жинауы, ескірген электр желілері, жертөледе сақталған жанғыш материалдар.

Қазірдің өзінде қала бойынша 67 үйдің жертөлесі тексеріліп, 43-інде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылғаны анықталған. Барлығына тиісті нұсқама беріліп, әкімдікке хат жолданған.

Сонымен қатар «Аула мектебі» жобасы іске қосылып, оқушыларға арнайы қауіпсіздік сабақтары өткізіліп жатыр.
«Балаларға отпен ойнаудың салдары, газ иісін сезген кездегі іс-қимыл, 112 қызметімен жұмыс істеу жолдары түсіндірілді», – дейді құтқарушылар.

Айта кетейік, Атырау қаласында көпқабатты үйлердің 40%-ында жертөле қауіпсіздігіне қатысты шағымдар тіркелген.