19 тамыз күні Атырауда қатты жел мен нөсер жаңбыр салдарынан Баймұханов көшесіндегі дәмханалардың бірінің жанында ағаш автокөліктің үстіне құлады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешовтың айтуынша, оқиға орнына жедел түрде облыстық жедел-құтқару жасағының кезекші ауысымы шыққан.
«Құтқарушылар бензопиланы қолданып, автокөліктің үстіне құлаған ағашты кесіп алып тастады. Оқиға кезінде көліктің ішінде жолаушы болған. Ол тез арада қауіпсіз жерге шығарылып, медициналық көмекті қажет етпейтіні анықталды», — деді Демешов.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Атырау облысының ТЖД тұрғындарға ауа райының қолайсыз кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, автокөліктерін үлкен ағаштардың, жарнамалық тақталардың және басқа да қауіпті нысандардың жанына қоймауға кеңес береді.
Сол күні Индер ауданында да қатты жел салдарынан Ақкент көшесіндегі үйлердің бірінің шатырын жұлып әкетті. Индер аудандық ТЖБ құтқарушылары шатырдың құлау қаупі бар бөлігін бөлшектеу жұмыстарын жүргізді. Зардап шеккендер жоқ.
Жанат Шаяхметова