Атырауда қарақұрт малға шабуылдап жатыр (+ВИДЕО)

Атырау облысының Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарында қарақұрт қаптауына байланысты ветеринариялық емдеу іс-шаралары жүріп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

ӨКҚ-нен білгеніміздей, жәндіктер 397 түйені шағып үлгерген.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін де Индерде қарақұрттың күрт қаптап кеткенін жазған болатынбыз.

Атырау облысы ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаеваның айтуынша, зиянкес шаққан 397 Ойсылқара тұқымының 63-і өлген.

- Облысқа қарасты құмды өңірлерде осы улы жәндіктердің көбеюі байқалуда. Осындай 217 бас түйеге симптоматикалық ем жасалды. Қалғанына ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ауырған және аурудан өлген жануарлардың қанынан сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Зерттеу жүргізілуде, нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе,жылқы және сиыр малдарын жаймауды, ауру белгілері білінсе, жедел түрде хабарлауды сұраймыз,- деді ол.

Қазір зиянкес Индер ауданының Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылдарын қаптады. Қарақұрт шаққан 81 бас мал емделді, 10-на ем-дом жалғасуда. 23 мал, оның ішінде 17 түйе, 1 жылқы және 5 құлын қырылып калды. Улы жәндік ауыл тұрғындарын да шаққан. Бұл туралы Индер ауданы әкімдігінің ресми өкілі Әли Жайшылық мәлім етті.

- Алғашқы жағдай 29 мамырда тіркелді. Барлығы 9 адамды шаққан, оның жетеуі - ересек адам және екеуі мектеп оқушысы. Балалар 7 және 15 жаста. Казірдің өзінде 8 ауыл тұрғыны стационарлық ем алса, 1 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Ал біреуі ауруханаға барудан бас тартты. Ауруханаларда қарақұрт уына қарсы дәрі жеткілікті,- деді Ә.Жайшылық.

Айта кететін жайт, емдік шаралардың ақысы мен өлген малға өтемақы төлеу қарастырылмаған.

Бұдан бөлек, биыл облыста 96 мың гектардан астам жер шегірткелерге қарсы өңделді. Өңірде үйірлі шегірткенің италяндық прус және азиялық түрлері көбейген, ал  қалада саяқ шегірткелер қаптап кетті. Бүгінде жою үшін жерді өңдеу жұмыстары басталып кетті. Өңірлік коммуникациялар қызметінен білгеніміздей, қазір 86 мың гектардан астам жер үйірлі, 10 мың гектардан астамы саяқ шегірткеге, сонымен қатар 1600 гектар шалғын көбелегіне қарсы жүргізілді. Республикалық антисанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы РМК АОФ басшысы Хамидолла Дәулетқалиевтің айтуынша, шегірткелердің көбуіне себеп көп.

⁃    Ұсақ жәндіктер он-он екі жыл сайын шекті деңгейде көбейеді. Биыл сол уақытқа тап келіп тұр. Мұндай жағдай бұрын 2012-2014 жылы болды. Екіншіден, өр суының көп келуі олардың тіршілік ету аралын тарылтып жіберді. Яғни, олар көп судың келетінін сезіп, жағалаудағы, қамыстағы мекендерін тастап, қалаға қарай жақындады. Ал, шегірткелердің қала ішінде көбеюі - кез келген жәндік секілді жарыққа үйірілуі себебінен болып отыр. Үшіншіден, шегірткелер күннің жоғарғы температурасында көбейеді,-деді Х.Дәулетқалиев. 

Маманның мәліметінше, зиянкестің пайдасы да жоқ емес. Үйірлі шегірткелер далалық аймақта дернәсіл салатын жақсы мекен іздейді. Олар таңдаған жер - табиғи тыңайтқыш. Яғни, биыл шегіртке жеген жерге, келер жылы шөп шүйгін шығады деп болжап отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ