Атырау қаласында реновация бағдарламасы аясында 225 көппәтерлі үй сүріліп, 3 395 пәтердің тұрғындары көшіріледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкиннің айтуынша, бағдарлама аясында 225 көппәтерлі үйді сүру және 3 395 пәтердің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 69 нысан ескі және апатты үйлер санатына жатады. 2023 жылдан 2025 жылға дейін 12 үйдің 154 пәтерінің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілген.
Жобаны тиімді іске асыру үшін тұрғын үй алаптары шартты түрде бес негізгі аймаққа бөлінеді: Баймұханов көшесі, Орталық шағынаудан мен Азаттық даңғылы, Тұрғын үй қалашығы, Азаттық-Әуезов даңғылдарының қиылысы және «Балықшы» шағынауданы. Ең апатты үйлер Датов, Баймұханов, Қожақаев, Стахановцев көшелерінде және Азаттық, Әуезов, Бейбітшілік даңғылдарында орналасқан.
"Бұл — 1950–1970 жылдары салынған екі қабатты ескі көппәтерлі үйлер. Реновация аясында жаңа тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына кәсіпкерлік нысандар орналастырылып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашылады. Жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы азаматтарды заманауи баспанамен қамтамасыз етіп, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға ықпал етеді" дейді шаһар басшысы.
Өз кезегінде құрылыс компанияларының өкілдері жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым және жерасты коммуникацияларын көшіру мәселелерін көтеруде. Бағдарламаны жеделдету үшін облыс әкімі Серік Шәпкенов мемлекет пен құрылысшылардың тең жауапкершілік тетігін енгізуді ұсынады: әкімдік ескі үйлерді сүріп, жер телімдерін дайындайды, ал, құрылыс компаниялары кезекте тұрған азаматтарға пәтер беру арқылы шығындарын өтейді. Барлық жұмыстарды 1,5–2 жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселесін әкімдік өз жауапкершілігіне алады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: Динара ҚАНБЕТОВА