Атырауда қала күніне орай өтетін марафонның жүлде қоры – 6 млн теңге

Атырауда 24 қырқүйек қала күніне орай марафон өтеді. Оған тіркелу мамыр айында басталды,  деп хабарлайды AtyrauPress.

Марафон таңертең сағат 7:00-де басталады. Оның жүгіру аумағы – Бейбарыс Сұлтан алаңынан бастап «Нұрсая» шағынауданындағы Абай орталығына дейін жалғасады. Оған Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан спортшылар қатысады. Бүгінгі күнге дейін оған қатысу үшін 1400-ге жуық адам тіркелді. 

«Атырау марафон-2023» - жыл сайын өтетін жарыс. Негізгі қашықтығы 42,2 км. Сонымен қатар жартылай марафон 21,1 км және 10 км, 5 км қашықтықта да өтеді. Оған Атырау қаласының әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады. Барлық дистанциялардың басы мен мәресі Атырау облысы әкімдігінің алдындағы Сұлтан Бейбарыс алаңында болады. Марафон 24 қыркүйек күні таңғы сағат 06:30-да басталып, 14:00-ге дейін жалғасады. Қатысуға 16 жастан асқандар жіберіледі. Барлық қатысушылар су және тамақпен қамтамасыз етіледі. Жарысқа құлаққаппен қатысуға және қашықтықты өзгертуге тыйым салынады», - деп мәлім етті Атырау облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, марафон алты жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан шара. Жалпы жүлде қоры – 6 миллион теңге. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА