Атырауда Қала күніне кімдер келеді?

Жыл сайын қазанның алғашқы жексенбісінде Атырауда қала күні тойланады. Биыл мерекеге орай қала тұрғындары үшін 30-ға жуық әртүрлі форматтағы іс-шара жоспарланған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Шаһардың барлық аймағында мерекеге орай түрлі ойын-сауық және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Таңертең 10.00-де «Санжар спорт алаңында» ардагерлер арасында кіші аяқ добынан «Әкім кубогі» турнирі өтеді. Ал Исатай-Махамбет алаңында сағат 11.00-ден кешкі 23.00-ге дейін концерттік бағдарлама болады. Мерекелік іс-шаралар аясында оркестрлер, театр артистері, танымал әншілер өнер көрсетеді. Оның ішінде жергілікті өнерпаздардан бөлек, жұлдызды әншілер Дастан Оразбеков, Диана Исмаил және Әділбек Байтанат бар, - деді Н.Ермұханов.

Қала күні қарсаңында «Зерделі» халықаралық мектебінің және «Sara» сауда орталығының ашылу салтанаты, сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңында «Салт-дәстүр – асыл қазынам» байқауының жеңімпаздары марапатталады.

Сонымен қатар тоғыз құмалақ, асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қол күресі, қой көтеру, бұқа тартыс, қазақ күресі сынды спорттық шаралардан жүлделі сыйлықтар мен ақшалай сыйақылар берілмек.

Мереке қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі аудиторияға бағытталған ауқымды концерттерден бөлек, кітапханаларда өтетін көрмелерді де тамашалай алады.

- Атап айтсақ, 3 қазанда «Тамыры тереңнен басталатын – Атырауым» атты №2 қалалық кітапханада өлкетану көрмесі, сондай-ақ 4 қазанда қалалық орталықтандырылған кітапханада нон фикшн форматында «Сарайшық тұла бойы тұнған тарих» атты кітап көрмесі өтеді. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын рухани байлыққа толы кітап көрмелерін тамашалауға шақырамыз, - деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Қ.Құмарова.