«Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсы халықтың азаматтық бастамаларын жандандыруға, сондай-ақ мейірімділік, қамқорлық және гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Байқауды Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы және «КТК» телеарнасы жүзеге асырады. Алтыншы рет өткізілгелі отырған «Қайырымдылық керуені» байқауына өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы «Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Атырау облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқау жыл сайын Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайды. Сондай-ақ байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлесін қосатын және өзгелерді өз игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Өткен жылы байқаудың Атырау облыстық кезеңіне жеке және заңды тұлғалардан 36 өтініш келіп түссе, алдыңғы жылы 58 өтініш түсті. Салыстыра есептегенде саны 22-ге артқан.
Конкурсты өткізу туралы хабарландыру «КТК» телеарнасының эфирінде және ұйымдастырушылардың корпоративтік әлеуметтік желілерінде жарияланады. Әр өңірдегі Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының өкілдері Шымкент, Алматы және Астана қалаларындағы, сондай-ақ облыс әкімдіктермен келісімге отырады. Сол бойынша қатысушыларды іздеуге және материалдар жинауға байланысты жұмыс топтарын құрады. Сонымен қатар «Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы лауреаттар қандай номинациялар бойынша анықталатынын атап өтті.
- Лауреттар бірнеше номинациялар бойынша анықталады. Олар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында» және «Қайырымдылық тарихы» номинациялары. Аталған әрбір номинациядан 7 қатысушыдан аспайтын қатысушыларға арналған материалдарды жұмыс топтары атқару комитетіне жіберетін болады. Атқару комитеті ұсынылған материалдарға қосымша тексеру жұмыстарын жүзеге асырады. Оған қоса қажет болған жағдайда қосымша ақпарат сұрата алады. Іріктегеннен кейін материалдар комиссияның қарауына жіберіледі. Содан соң комиссия конкурс жеңімпаздарын дауыс беру арқылы анықтайды, - деді Ф.Төлеева.
Байқауға қатысуға өтінімдер осы жылдың 20 желтоқсанына дейін қабылданады. Байқауға қатысуға байланысты толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға кәсіпкерлік субъектілері, сонымен қатар қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен байланысты адамдар қатыса алмайды.