Атырауда қабірлерді бүлдірді деген күдікпен үш жасөспірім ұсталды

Атырауда полиция Еркінқала ауылы маңындағы зираттағы надгробиелерді бүлдірді деген күдікпен үш жасөспірімді ұстап, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Еркінқала ауылы маңындағы қабірлердің бүліну фактісі бойынша полиция дереу сотқа дейінгі тергеуді бастап, кінәлі адамдарды анықтау және ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылдаған.

«Нәтижесінде үш күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Олардың кәмелетке толмағанына байланысты жауап алу заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта заңда көзделген барлық тергеу амалдары орындалуда», – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар, жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне қойылады, ал іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады. Тергеу барысында құқық бұзушылардың ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралатын болады.

Айта кетейік, Еркінқала ауылындағы мұсылман зиратында жергілікті тұрғындар бірқатар қабірлердің қирағанын анықтаған. Бірнеше қабірде ай таңбалары сынған, кірпіштері құлатылған, ескерткіштердің бөлшектері құмға қадалып тұрған. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.