Бүгінде қаңғыбас иттер нағыз әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Жабайы иттер адамдарға қауіп төндіруде, әсіресе балаларға.
Жақында Атырауда жан түршігерлік оқиға орын алды. Бұралқы ит екі балаға шабуыл жасап, нәтижесінде олардың бірі реанимацияға түскен. Қуанышқа орай, бала тірі қалды. Енді оған бірнеше пластикалық операция қажет.
Қазір қаладағы қаңғыбас иттердің жыл сайын саны азаймай отыр, сол себептен нақты санын анықтау мүмкін емес.Атырау облысының ветеринариялық станциясының басшысы Сатыбалды Оразғалиевтің мәліметінше, биыл қаңғыбас иттерге қатысты іс-шараларды өткізуге бюджеттен 197 миллион теңге бөлінген.
“Осы жылдың 4 қаңтарынан 2 ақпанына дейін барлығы 1300 ит ауланды. Оның 1219-ы жансыздандырылып, 81 итке стерилизация жасалынған. Қала округтеріне келетін болсақ, Еркінқалада - 78, Кеңөзекте - 39, Қайыршақтыда - 106, Ақсайда - 69, Алмалыда - 69, Дамбыда – 18, Атырау шағын ауданында - 20 және Атырау қаласында 901 ит ауланды. Ал 2 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін тағы 808 ит ұсталып, оның 734-і жансыздандырылып, 74 итке стерилизация жасалынған. Оның ішінде Еркінқала ауылдық округінде - 99, Кеңөзекте - 88, Қайыршақтыда - 153, Ақсайда - 53, Алмалыда - 30, Дамбыда - 20, Атырау шағын ауданында - 20 және Атырау қаласында 345 ит ұсталды", - деп мәлімдеді Сатыбалды Оразғалиев.
Ал ветеринарлық қызмет ауланған жануарларды үш күндік уақытша ұстаумен және иттерді өз иелеріне, сондай-ақ зооеріктілер арқылы жаңа иелеріне қайтарумен айналысады.
"Егер иттер ұсталғаннан кейін, иелері үш күн ішінде келмесе, онда арнайы кинолог, әрі ветеринар олардың қайсысы қауіпті, қайсысының қаупі жоқ екенін анықтайды. Содан кейін агрессивті қаңғыбас иттер жансыздандырылып, арнайы мал моласына жеткізіледі. Ал басқа агрессивті емес және қаупі жоқ иттерді есепке алып, вакцинация жасап зарарсыздандырады", - деді Сатыбалды Оразғалиев.
Егер сіз иесіз иттер тобын байқасаңыз, онда бірден "109" нөміріне хабарласа аласыз. Айта кетейік, бүгінгі күні қала тұрғындарынан қаңғыбас иттерді аулауға 600 өтініш келіп түсті.
Қасиет Бахкерейқызы