Атырауда әйелге қол жұмсайтындар көбейген (+ВИДЕО)

Атырауда жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 400-ге жуық хабарлама түскен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде еліміз үшін қоғамда белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Аталған құқық бұзушылықтың кең етек жайып, таралуына маскүнемдік пен қызғаншақтық, жұмыссыздықтың салдарынан туындаған тұрмыс жағдайының ауырлығы себеп болып отыр.

Мәселен, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 399 хабарлама келіп түскен. 2024 жылдың басынан 20 адамға арналған Дағдарыс орталығына 15 тұлға қабылданған. Оның ішінде 4-әйел болса, 11 бала.

Ал ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» сәйкес, 272 тұлға жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек 1 ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғалар саны - 290 құраса, соның ішінде қорғау нұсқамасын бұзу дерегі бойынша 1 ай ішінде өзінің агрессиялық мінез-құлқын көрсеткен 19 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес, жауапқа тартылды. ҚР ӘҚБтК 669-бабы, 2-тармағы «Құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзу» бойынша 36 әкімшілік хаттама жасақталды.

Одан бөлек, сотпен ерекше талаптар қойылған тұлғалар 78 санын құраса, мәжбүрлеп емдеу мекемесіне 3 тұлға жолданды.

Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқықбұзушылықтарды алдын-алуда құқық қорғау саласының қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп, акция, профилактикалық іс-шаралар аясында білім беру ұйымдарында, мекемелерде ақпараттық жиындар өткізуде. Мәслен, Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Раиса Зинелғабиденқызы Айтжанова Дағдарыс орталығында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген әйелдерді ақпараттандыру, қажетті кеңес беру мақсатында ашық есік күнін өткізді. Одан бөлек, атыраулық полицейлер тұрмыстық қарым-қатынас саласында жәбір көрген әйел адамдарға құқықтық, психологиялық көмек, кеңес беру мақсатында азаматтарға қабылдау өткізетінін атап өткен жөн.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі қажет. Жәбірленушілерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау үшін Ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану, сондай-ақ оларды мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар. Мамандандырылған дағдарыс орталығында орналасу үшін 8(7122) 46 60 60 телефондары арқылы, ішкі істер органдарына немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен полицияның учаскелік инспекторына, 98-35-33; 98-22-30 немесе 8(702) 235 1998; 8(702) 846 3777 (тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер үшін) хабарласу қажет.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ