Атырауда ит пен мысыққа төлқұжат берілмекші
1 қыркүйектен бастап үй жануарларын бірдейлендіру жұмыстары басталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурс министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №169 «Үй жануарларын есепке алу қағидаларын және есепке алуға жататын үй жануарларының тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес үй жануарларын есепке алу 1-қыркүйектен басталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мөлдір Ирбатырова мәлім етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.
Есепке алу бұйымдарын, яғни татуировка, чип, электрондық белгілер, білезіктер, жағалар немесе сырғалардың бірін үй жануарларының иесі өз таңдайды.
- Бірдейлендіру ит пен мысықтарға ғана жеке кәсіпкерлер арқылы жүргізіледі. Оған кететін шығындарды көтере алмайтын азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын қоспағанда, чиптеу, белгі тағу және процедураға қатысты шығындарды жануар иесі төлеуі тиіс. Ал, осал топтар санатына жататын жануарлар иесіне шығын жергілікті бюджеттен қаралады. Төлем құны чиптің түріне қарай 5 мың теңгеден жоғары. Жануарлар чиптелген соң құжат (паспорт) беріледі,-деді М.Ирбатырова.
Егер үй иелері жануарларын чиптеуден жалтарса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 407-2 бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Мұнда жеке тұлғаларға 10, лауазымды тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл қаралған.
Қосымша ақпарат үшін +7 (771) 397 8859 телефонына хабарласуға немесе Авангард мөлтек ауданы 13 үй мекенжайына («Доктор Панда» емханасы) хабарласуға болады. Сондай-ақ +7 (701) 339 6081, 87782088198 нөмірлеріне байланысуға мүмкіндік бар.