Онда терапевт, лор, окулист, кардиолог дәрігерге қаралумен қатар, қан талдауы, узи және флюрографиялық тексеруден өте алады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметініңберген ақпараты бойынша, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың бастамасымен және Атырау облысы бойынша ІІО және Ұлттық Ұланның ардагерлер кеңесінің қолдауымен атыраулық ішкі істер органдарының ардагерлеріне кезек күтпей тиісті ем-шараларын қабылдау үшін тұңғыш амбулаториялық орын ашылды.
Госпитальдың бас дәрігері Бибігүл Сағынқызы Дюсебалиеваның айтуынша, дәрігерлер мен медбикелер 9-дан бастап кешкі 18:00-ге дейін осында қызмет етеді.
- ІІО ардагерлері бұрын да тиісті медициналық қызметті пайдаланып келді. Алайда, ардагерлер кезек күтіп ем-шараларын кешіктірмей алу мақсатында осындай амбулаториялық орын ашу бастамасын біз де қолдадық. Бастысы еңбегінің зейнетін көретін кезеңге өткен ардагерлер үшін де басты байлық денсаулықтың сақталуына өз септігімізді тигізу, тиімді жолдарды ұсыну. Палаталар мен қабылдау кабинеттерінен бөлек мұнда ардагерлердің шәй ішіп отырып кезек күтетін бөлмесі де ұйымдастырылды, - деді Бибігүл Дюсебалиева.
Айта кетейік, Атырау облысында қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету бағытында қызмет еткен 2500-ден астам ардагер бар. Емдеу мекемесі тек облыс орталығындағы ғана емес, аудандардағы ардагерлерді де қабылдайды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА