Атырауда ірі мұнай өңдеу мекемелерінен 20 тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді

Атырау облысында "Дәрмек" іс-шарасы аясында ірі мұнай өңдеу мекемелерінен 20 тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ бақылаудағы заттардың заңсыз саудасы фактілерінің жолын кесу мақсатында республика көлемінде «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара кезінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ қызметі лицензиялауға жататын емдеу-профилактикалық дәріханалық, ветеринариялық, оқу және ғылыми-зерттеу ұйымдарының заңды айналымы саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеру жұмыстары жүргізіледі. 

"Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкелері іс-шара барысында Атырау қаласындағы ірі мұнай өңдеу мекемелерінің лабораторияларына тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 464-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзу, оның iшiнде лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеу) – 2, ӘҚБтК-нің 426-бабы (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) – 1 және 427-бабы (есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) бойынша 2 факті анықталды", - делінген баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Сондай-ақ, Атырау қаласындағы ірі мұнай өңдеу мекемелерінен 20 тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленіп, құжаттар жинақталып, сараптама тағайындалды. 

Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. 

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА