Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны (ҚК-тің 296-бабының 4-бөлігі) үшін айыпталған Нигерия азаматы Э.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, сот кезінде прокурор сотталушы Э.-ге 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы Э. кінәсін мойындамады.
ҚК-тің 296-бабының 4-бөлігінің санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот үкімімен сотталушы Э.-ге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 20 шілдеде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сотталушы Э. полиция қызметкерлерімен ұсталған, оның автокөлігін тінту барысында жүргізуші жағының кілемшесі астынан өткізу мақсатынсыз заңсыз сақталған аса ірі мөлшердегі жалпы салмағы 4,29 грамм «мефедрон (синоним 4-метилметкатинон)» - психотроптық заттары бар изолентаға буылып түйілген полимерлі орамдар табылған және алынған.
Сотталушы Э.-нің кінәсі куәлардың жауаптарымен, автокөлікті қарап-тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толықтай өз дәлелін тапты. Нигерия Республикасының азаматы Э. Атырау қаласында әлеуметтік желі арқылы психотропты заттарды сатпақ болған.
Э.МЫҚТЫБАЕВА.