Атырауда ірі қара мал ұрлағандар сотталды

Атырау облысында ірі қара мал ұрлаған 3 адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Ұрылар Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылы тұрғынының екі сиырын қолды еткен. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ұрланған түлік қалада орналасқан мал сою орнының бірінен табылды.

Мал ұрлаған атыраулықтар ұсталды. Олардың біреуінің бұрын сотты болғаны анықталды.

«Бұдан бөлек, тексеру кезінде күдіктілердің Қызылқоға ауданы, Ойыл ауылдық округінен жайылымда жүрген 2 сиырды ұрлағаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 бабының 2-ші бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Сот үкімімен 1986, 1987 ж.т күдіктілерге қатысты «5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру», ал 1990 ж.т күдіктіге қатысты «3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу» түріндегі жаза қолданылды», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаменті мал ұрлығын болдырмау үшін өңір тұрғындарына жануарларды қараусыз қалдырмауға, қора орындарын қорғау құралдарымен жабдықтауға кеңес береді.

Еске салайық, облыста 27-29 қараша аралығында қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, ашу және мал ұрлаумен айналысатындарды анықтау.

Эльмира Мықтыбаева