Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында биыл оң динамика сақталды. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке өңірдің 11 айдағы көрсеткіштері жөнінде баяндады.
Әкімнің айтуынша, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде өсім бар. Инвестиция мен құрылыс салаларындағы төмендеу уақытша сипатқа ие. Себебі биыл Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасы толық аяқталған. Аталған жоба бірнеше жыл бойы облыс пен республика көлемінде инвестицияның негізгі драйвері болған.
– Былтыр бұл жобаға 725 млрд теңгеден астам қаражат салынса, биыл инвестиция көлемі нөлге тең болды. Дегенмен, бұл жалпы өңір экономикасының әлсірегенін білдірмейді, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.
Одан өзге, ірі мұнай-газ жобаларынан тыс салаларда инвестицияның айтарлықтай артқаны байқалады. 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың басқа секторларына салынған инвестиция көлемі 36,5%-ға өсіп, 1,48 трлн теңгені құрады. Бұл – өңір дамуының бір ғана шикізат секторына тәуелді еместігінің айқын көрінісі.

– Қазіргі өсім өнеркәсіп, өңдеу және агробизнес салаларына салынған инвестиция есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл экономика құрылымын әртараптандыру бағытында дұрыс қадам жасалып жатқанын көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ биыл өңірде 20 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың бірқатары пайдалануға берілген. Жобалар негізінен шикізаттық емес секторда жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Өнеркәсіп саласында қаптама материалдары, композит өнімдер, вагон дөңгелектерін жөндеу және металл конструкцияларын шығару бағытындағы жаңа өндірістер жолға қойылуда.
Тағы бір айта кетер жайт, агроөнеркәсіп кешенінде де серпін бар. Азық-түлік өндірісі, құс фабрикасы, жылыжайлар, көкөніс сақтау қоймалары мен балық шаруашылықтары бойынша жобалар жүзеге асырылып, нәтижесінде 1 320 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Мұнай-газ химиясы саласы өңір үшін айрықша басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда Атырау облысында жалпы құны 6,8 трлн теңгені құрайтын 11 ірі жоба іске асырылуда. Бұл жобалар шамамен 3 мың тұрақты және 20 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын құруды көздейді.

– Біз мұнайды тек өндіріп қана қоймай, оны терең өңдеуге көшуіміз керек. Осы мақсатта полиэтилен зауыттары, Қашағандағы газ өңдеу зауыты мен газ-сепарациялық кешен сияқты стратегиялық жобалар іске асырылуда. Ал келесі жылы бутадиен өндіретін зауыттың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, өңірде инвестор тарту жұмыстары да күшейтілген. Соның бірі – сегіз жобаны қамтитын «Еуразия» жеке индустриялық аймағы. Бұл алаңда 120 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Атырау» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдаған Үкіметке алғыс білдірді.

– Арнайы экономикалық аймақ мұнай мен газды терең өңдеуге, өндірісті жергіліктендіруге және шағын әрі орта бизнесті дамытуға жол ашады. Бұл жерде қосылған құны жоғары өнім шығаратын жаңа өндірістер шоғырланатын болады, – деп түйіндеді өңір басшысы.

Аталған АЭА аясында шамамен 320 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.