Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құралай Тілеумағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 1073 атыраулық ардагерге жыл сайын берілетін бір реттік көмек 150 000 теңгеге, ал коммуналдық қызметтерін өтеу үшін ай сайынғы төленетін жәрдемақы мөлшері 35 000 теңгеге дейін өсті.
- Осыған дейін ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген топқа жыл сайын жергілікті бюджеттен бір жолғы әлеуметтік көмек үшін 100 мың теңге төленген болса, 2020 жылдың 6 мамырындағы ҚР «Ардагерлер туралы» Заңына сәйкес, бір реттік көмек мөлшерін 150 мың теңгеге ұлғайттық. Ал осы жылдың шілде айынан бастап олардың коммуналдық қызметтерін өтеу үшін берілетін жәрдемақыға 20 мың теңге қостық. Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда Атырау облысында соғыс ардагерлеріне берілетін көмектің көлемі едәуір өсті, деді Қ.Тілеумағамбетова.
Атырауда ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 1073 адамнан тұратын бес топ бар. Олар: Ауған соғысына қатысқан 451, Тәжік-Ауған аумағындағы соғысқа қатысқан 324, Ирактағы халықаралық бітімшілік операцияларына қатысушы 3, Таулы-Қарабахтағы эносаралық қақтығысты реттеуге қатысушы 106, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 189 ардагер.