Бұл туралы Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айнаш Есжанова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, облыс халқының саны 708 994 адамға жетіп отыр.
- Халық саны осы берілген уақыт ішінде аумақта тұрып жатқан адамдар санына байланысты есептеліп, оған сол аймақта туғандары мен тұрақты тұрғылықты орынға келгендердің саны қосылады. Сәйкесінше одан қайтыс болғандар мен көшіп кеткендердің саны шегеріледі. Қала халқы – 390 858, ал ауыл халқы – 318 136 адамды құрайды, - деді А.Есжанова.
А.Есжанова соңғы бес жылда халық саны 9,9%-ға, яғни 63714 адамға өскенін атап өтті. Тиісінше қала халқының саны – 11%-ға, ал ауыл халқы – 8,6%-ға өскен.
Анықтама үшін айта кетейік, 8 ай ішінде облыста 10224 сәби дүниеге келген. Оның 5225-і ұл болса, 5 мыңға жуығы қыз бала. Ал халықтың табиғи өсімі 7819 адамды құрады. Сонымен қатар аталған кезеңде 2791 неке қию туралы және 645 некені бұзу туралы акт жазбасы тіркелген. Бұдан бөлек, осы уақыт аралығында облыстан 29241 адам көшіп кеткен. Ал сыртқы көші-қон бойынша 38 адам, оның ішінде ТМД елдеріне 23 адам, әлемнің басқа елдеріне 15 адам қоныс аударған.
Сәуле МАҒАУ
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ