Қазақстандық қамту: Атырауда ГСК жобасындағы жергілікті өндірушілерге арналған форум өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы “KMG PetroChem” ЖШС баспасөз қызметі мәлімдеді.
Атырауда Газ сепарациялық кешен (ГСК) жобасы аясында жергілікті қамтуды дамытуға арналған ірі форум өтті. Шараны “KMG PetroChem” компаниясы Tecnimont, CCIC және PetroCouncil қауымдастығымен бірге ұйымдастырды. Форумға отандық өндірушілер, жеткізушілер, мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдарды қоса алғанда 400-ге жуық өкіл қатысты.
Айта кетейік, форумнан бір күн бұрын ГСК жобасының алғашқы қадасы қағылып, құрылыстың белсенді кезеңі ресми басталған болатын.
Кездесуде облыс әкімі Серік Шәпкенов ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті компаниялардың рөлі артқанын атап өтіп, қазақстандық қамтуды ұлғайту – Президент тапсырмасымен қойылған басты міндеттердің бірі екенін айтты. Жоба шеңберінде құрылыс жұмыстарында қазақстандық қамту үлесі 90%-ға дейін жеткізілмек. 2026–2027 жылдары 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны ашылады.
Форум барысында CCIC жергілікті кәсіпорындармен материал жеткізу, металл конструкцияларын дайындау және уақытша жұмыс алаңдарын ұйымдастыру бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойды.
Айта кетейік, ГСК жобасы “Теңізшевройл” компаниясымен ынтымақтастықта, Атырау облысы әкімдігі мен салалық бірлестіктердің қолдауымен жүзеге асып жатыр.
