Өңірде геосинтетикалық материалдардың өндірісі қарқын алды. Мұнда жол және өнеркәсіп нысандарын салуда қолданылатын берік тоқылған геополотно шығарылады.
Геополотно өндіретін зауыт өткен жылы іске қосылды. Кәсіпорынның ерекшелігі – полипропилен жіптерін әртүрлі бұрышта айқастыра тоқу технологиясын қолдануында. Соның нәтижесінде материал аса берік әрі ұзақ уақытқа төзімді болады.
Жобаның құны 360 млн теңгені құрады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 7 млн шаршы метр өнім. Кәсіпорын «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12,6 пайыздық мөлшерлемемен көрсетілген қолдаумен жүзеге асырылды. Өндіріс көлемі мен өнім түрлері уақыт өткен сайын біртіндеп ұлғайтылуда.
– Біздің басты артықшылығымыз – баға мен жеделдік. Өнімге қажетті полипропиленді отандық KPI компаниясынан аламыз, бұл өзіндік құнды төмендетіп, өнімді қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тапсырысты бір апта ішінде дайындап, жеткізе аламыз. Бүгінде зауытта 40 адам жұмыс істейді. Екінші және үшінші кезең іске қосылғаннан кейін 100-ден астам өңір тұрғынын жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді «Талшыктекс» ЖШС директоры Амангелді Биманов.
Келесі кезеңде вагонға арналған ішкі қаптар мен ірі полипропилен биг-бэг қаптарын өндіру жоспарланып отыр. Бұл өнімдер көлік және қойма логистикасы саласында жоғары сұранысқа ие.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Маратованың айтуынша, жалпыұлттық пул аясында Атырау облысында 717 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылып, 1600-ден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.



– Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі: жер телімдері аукционсыз беріледі, гранттық бағдарламалар арқылы жабдық алуға мүмкіндік бар, инженерлік инфрақұрылым тартылады, несиелер бойынша субсидиялар мен кепілдіктер ұсынылады. Мұның бәрі бизнестің жедел дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өнім түрлерінің кеңеюіне ықпал етеді, – деді Г. Маратова.
Биыл өңірде тағы бірнеше өндіріс іске қосылады. Атап айтқанда, стрейч-худ үлдірін өндіру, пластикті қайта өңдеу, штапель талшығын шығару және экструзиялық полипропилен геоторын өндіру жобалары жүзеге асырылады. Бұл жобалар өңірдің жаңа индустриялық негізін қалыптастырып, ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына серпін бермек.
