Атырауда газ бағасына қатысты жария тыңдау өтті

21 тамызда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Жылыойгаз» ЖШС-нің тауарлық газды бөлшек саудада өткізу қызметі бойынша алдағы уақытта тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бағаларының өсетіні туралы ақпаратын қарау бойынша жария тыңдау өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жария тыңдауға қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі «Жылыойгаз» ЖШС-нің өкілдері, Жылыой аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар және шақырылған мүдделі тұлғалар қатысты.

Сондай-ақ, жария тыңдаулар параллелді түрде тыңдауларға қатыса алмағандарға Facebook әлеуметтік желісі арқылы онлайн режимде өткізілді.

Тариф жобасына қатысты тұтынушылар тарапынан сұрақтар қойылып, сәйкесінше Департамент басшысы – А.Утегенов және «Жылыойгаз» ЖШС-ның директоры – Г.Жакашев жауап берді.

Өткізілген жария тыңдаудың қорытындысы бойынша, айтылған сын-ескертпелерді, ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, департаментпен түпкілікті шешім баға белгілеу қағидасында көзделген мерзімде қабылданады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ