Атырауда футбол жанкүйерлері арасында қақтығыс болды

"Атырау" және "Ақтөбе" футбол құрамаларының ойыны басталмас бұрын "Мұнайшы" стадионы алаңында жанкүйерлер арасында қақтығыс болды.

 Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 19 маусым күні сағат 17:55 шамасында футбол жанкүйерлері тәртіпсіздікке жол берді.

Полиция қызметкерлері қоғамдық орында құқық бұзушылыққа жол берген 30 адамды Атырау қалалық полиция басқармасына жеткізді. Қазір тиісті іс-құжаттар жинақталып жатыр.

Айта кетейік, Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде қақтығыс барысында қару қолданылған деп таралған ақпараттың жалған екендігін хабарлайды. Бұл кезде жанкүйерлердің қолында түрлі-түсті дыбысты түтін шығаратын заттар болған.

Абырой болғанда, төбелес барысында жарақат алғандар жоқ.