Атырауда «Евразия» шекара бекетін газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде

Биыл Атырау қаласының Дамбы ауылы, Пешной түбегінде орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2016 әскери бөлімінің «Евразия» шекара бекетін газбен жабдықтау жұмыстары басталды. 

Бұл туралы «Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ Инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы Динара Қуанышева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен 46,509 млн теңге қаражат бөлініп, мердігер мекеме «Р и А – Сервис ЛТД» ЖШС қазан айынан бастап газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.

- Мемлекеттік шекараны күзету және қорғау – ҚР ұлттық қауіпсіздігінің маңызды және ажырамас бөлігі болып табылады. Жүктелген міндеттерді орындау үшін, саланың инфрақұрылымдарын жақсартуды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қолдау қажет етеді. Қазір осы бойынша бірқатар іс-шаралар жоспарланып, жүргізілуде. Соның бірі - Пешной түбегінде орналасқан «Евразия» шекара бөлімшесін газбен қамтамасыз ету жұмыстары. Жалпы газ құбырының ұзындығы 4 шақырымды құрайды, - деді Д.Қуанышева.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланған.