Атырауда ескі үйлер жаңасына ауыстырылуда (+ВИДЕО, ФОТО)

Атырауда тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы тұрғындарды таңқалдыруда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл мұнайлы астанада қолға алынған «Атырау қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялаудың 2022–2026 жылдарға арналған бағдарламасы» қазірдің өзінде жемісін беріп жатыр. Мақсат – ескі үйлерді жаңамен ауыстыру. Осыған орай, AtyrauPress тілшісі бағдарламаның жемісін татқан алғашқы тұрғындармен тілдесіп, жаңа үйлерді өз көзімен көріп қайтқан болатын.

Жуырда құлауға шақ тұрған Абай көшесіндегі №28, 30, 34 үйлердің тұрғындары су жаңа баспанаға көшіп, төбелері көкке жеткендей қуанды. Солардың бірі – №30 үйдің тұрғыны Жұбандық БИЖАНОВ.

 «Сонау 50-60 жылдары салынған үйде біраз тұрдық. Жалғыз арманымыз – жаңа үйге көшу болатын. Біз бұл күнді көп күттік. Ақыры, арманымыз алдамай, баспаналы болдық. Ескі үйіміздің орнына жаңасын ұсынып, бізге мол мүмкіндік сыйлаған бағдарламаны жүзеге асырып жатқан атқамінер азаматтарға да, жоғары сапалы үй салып берген құрылыс компаниясының ұжымына да алғысымыз шексіз» дейді ол.

Жарты ғасырдан бері жаңа баспанаға қол жеткізе алмай келген Қарлығаш Төстікованың да қуанышында шек жоқ.

«Компания басшысы алғаш есігімізді қағып, ескі үйімізді жаңасына ауыстыруға ұсыныс жасағанда сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Қазір алаяқтар көбейген заман ғой. Қорыққанымыз да рас. Бірақ, жаңа үйдің есік-терезесіне дейін өзіміздің таңдап алуымызға мүмкіндік бергенде, аузымызды аштық. Мұндай мүмкіндік сыйлаған бағдарламаны жасап шығарған азаматтарға да, құрылыс компаниясына да алғысымыз шексіз. Бұл, әсіресе, үйсіз жүрген жастарға ауадай қажет бағдарлама ғой. Алдағы уақытта жалғасын тапса екен» дейді ағынан жарылған зейнеткер.

Бейнежазбаны түсірген: Даниял АМАНГЕЛЬДИЕВ

ЕСКІ ҮЙЛЕРДІҢ КӨРІНІСІ:

ЖАҢА ҮЙ:

САЛЫНЫП ЖАТҚАН ҮЙ: