Атырауда жыл басынан бері есірткіні заңсыз сату және тарату қылмысымен 30 адам сотталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сотталған 30 адамның 21-і оны таратқаны үшін бас бостандығынан айырылды. Олардың арасында 18 жастағы бойжеткен мен 20 жастағы жігіт бар.
«Сот үкімімен синтетикалық есірткіні таратқаны үшін 18 жастағы жас қыз 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл қылмыстық әрекетке оны 20 жастағы жігіті тартқан. Оған да 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Есірткі мен психотроптық заттардың аса ірі мөлшерде тарату - 10 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын аса ауыр қылмыс. Синтетикалық заттардың 1 грамнан жоғары мөлшері, аса ірі мөлшер болып саналады», - делінген баспасөз хабарламасында.
Жастардың мұндай қылмыстарға жеңіл жолмен мол ақша табу үшін баратыны анықталып отыр. Сондықтан мұқият болып, жеңіл пайдаға берілмей, күдікті әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА