Атырауда есірткіге масайған көлік жүргізуші ұсталды

Бұл жайды Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері алдыңғы бүйір терезе әйнектеріне қара пленка жабыстырған "Лада Приора"  автокөлігін тоқтату барысында анықтады деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Оқиға Сатпаев данғылы "Исатай-Махамбет" алаңы тұсында  орын алған. Аталған көліктің 1996 жылы туған жүргізушісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақтау барысында жүргізушінің мінез-құлқы күдік тудырған. Полиция қызметкерлері облыстық наркологиялық диспансерінде медициналық куәландырудан өткізіп, нәтижесінде жүргізушісі есірткілік масаю күйінде екендігі және Ресей федерациясында тіркелген көлік құралына тіркеуден шығарылған, яғни жалған мемлекеттік белгі орнатқандығы белгілі болды.   Осы жағдайлар бойынша аталған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлімі (техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралын басқару) бойынша 5АЕК көлемінде айыппұл салынды және 590-бабы 4-бөліміне сәйкес мемлекеттік белгілері алынып, сот шешімімен 26 жастағы азамат жалған мемлекеттік  тiркеу нөмiрi белгiлерi бар көлiк құралын басқарғаны үшін 1 жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан, есірткілік  масаң күйде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.