Атырауда есірткі тасымалдағана Ақтөбе тұрғындары ұсталды

Атыраулық полицейлер есірткі тасымалдаған ақтөбелік тұрғындарды ұстады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Олар түнгі уақытта «Авангард» шағынауданындағы үйлердің бірінде көзге түскен. Атырау қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары кезінде 23 және 21 жастағы есірткі тасымалдаушыларды қолға түсірді.

«Тексеру барысында күдіктілердің есірткі затын тұтынғаны анықталып, тінту барысында 14 дана зип-пакетке салынған және өзіне тән иісі бар ақ ұнтақ есірткі заттары тәркіленді. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттар 40-қа жуық доза болатын синтетикалық есірткі екені анықталды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. 

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің  297- бабы 3-ші бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.  Өзге ақпарат ҚПК-тің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Эльмира Мықтыбаева