Атырау қаласында есірткі сатып, пайда таппақ болған өзге облыс тұрғындары 10 жылға сотталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Жергілікті полиция қызметі басқармасы қызметкерлері қаңтар айы кезінде Атырау қаласы аумағында интернет желісі арқылы және жасырын тығу әдісі арқылы синтетикалық есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сатумен айналысқан Тараз қаласының 19, 29, 22 және 19 жастағы тұрғындарын анықтаған еді.
«Тексеру жұмыстары кезінде 1 келіден астам синтетикалық есірткі заты анықталып, тәркіленді. Медициналық экспертиза қорытындысы бойынша 655,0623 грамм «Альфа-PVP», 482,6133 грамм мефедрон синтетикалық есірткісі екені белгілі болды.
Осылайша аталған күдіктілердің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі толық дәлелденіп, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алумен және сақтаумен айналысқандары анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу әрекеті жүргізілді. Сот шешімімен Тараз қаласының төрт тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА