Атырауда ерекше жәшіктер пайда болды

Қалада ішкі мұң мен шерді ақ қағаз бетіне түсіріп, арнайы жәшікке салатын орындар пайда болды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Кез келген адам өзінің ішінде шер болып қатқан мұңын, біреуге деген өкпе-ренішін, ақтара алмаған сырын қағазға жазып,  қорапқа сала алады.  Жазған адамның кім екені құпия болып қалады.

Мұндай жәшіктер қаланың біраз жерінде біршама уақыт  тұрады. Сол аралықта атыраулықтар мен оның қонақтарының өзгеге айта алмаған жан сырымен бөлісуге мүмкіндіктері бар.

Қораптардың сыртына «Сізге ауыр тиіп, ұмыта алмай жүрген сөздер», «Қағазға жаз да, ұмыт» деп жазылған.  Олар  Исатай мен Махамбет орталық алаңы мен «Жеңіс» саябағында қойылған.  Осылайша, адамдар реніш, өкпе, ашудан арылады.

Бұл идеяның авторы - «Konil muz» қайырымдылық қоры.  Осы жобаның көшбасшысы  Алтынай Басардың айтуынша, қайырымдылық қор жұмысын сәуір айында бастаған.

«Біздің мақсатымыз – біреуге айта алмаған сырын осында жазып, ақтарылса дейміз. Осылайша, қолдауды сезінсе деген ой. Хаттарды жинап, ішінен кейбірін таңдап,  әлеуметтік ролик түсіру үшін пайдаланамыз. Соңында өртейміз», - деді  А.Басар.

 

Мира НҰРТАЕВА