Атырауда ерекше кітаптың тұсаукесері өтті (ФОТО)

«Заман дабылы» атты партитуралар жинағы жарық көрді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы, Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Мәдениет саласының үздігі Ержан ҚИТАРОВТЫҢ «Заман дабылы» атты партитуралар жинағының тұсаукесер рәсімі – өнер кеші болып өтті. Концерттік бағдарламада «Нарын» ұжымымен қоса солистер Медет Қарамырза, Айжарқын Темір, Меруерт Уәли, Ләззат Кенжеғарина, Нұргүл Жұмағалиева, Баубек Өмірғали, Ерік Көшеровтер өнер көрсетті. Олар жинаққа енген репертуардан Есірдің «Ирең» күйін, халық күйі «Қоңырды», Балмайсаңның «Балмайсаң» атты күрделі күйлерін, Ф.Крейслер, Е.Брусиловский, Н.Тілендиев, Қ.Ахмедияров, Ж.Назаров, Б.Кохаманов, басқа да танымал композиторлардың туындыларын орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.

Ал, ктаптың ресми тұсаукесер рәсімін осы жинақтың жарық көруіне тікелей мұрындық болған филармонияның бұрынғы басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаділ Дүйсенғалиев, жергілікті композитор Болат Кохаманов пен автор Ержан Қитаров өткізді. Еліміздегі аспаптық музыка саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белгілі домбырашы, дирижердің аталмыш еңбегі музыкалық ұжымдар мен оқу орындарына, сала мамандарына арналған, қазақ халық аспаптар оркестрлеріне өңделген шығармалардан тұрады.