Атырауда ерекше кабинет ашылды

Нұрсая ықшам ауданында «Ғажап күн» атты балалардың ерекше қабілетін арттыратын кабинет ашылды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мұнда балалар қағаз бен қаламның орнына кинетикалық құмды пайдаланып сурет салып жаттығады. Негізгі мақсат - көріп-сезу арқылы балалардың сөздік қорын, танымдық қабілеті мен шығармашылық ойлауын дамыту. Кабинеттің ашылу салтанатына «Аналарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сандуғаш Кукенова өзі әлеуметтік көмек көрсетіп жүрген аналар және балалармен бірге қатысты. Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының қолдауымен ашылып отыр. Бұл волонтерлік жоба әртүрлі санаттағы адамдарға арналған. Кабинетке келгендердің бір күні қазақ халқының қысқа ертегілерін тыңдаумен басталады және оның мазмұнын немесе кейіпкерлерін құмға сурет қылып түсіреді. Жоба авторы өңірге белгілі волонтер, «Жаныңдамын!» волонтерлік ұйымының жетекшісі Мейрамгүл Есниязова волонтерлерді қолдауға арналған облыстық «Демеу» конкурсына қатысып, жеңімпаздардың қатарынан табылды.

- Бөлінген қаржыға біз Астана қаласынан арнайы 8 құм аппаратын сатып алдық. Жоба волонтерлік бағытта болғандықтан тек сенбі, жексенбі күні ғана өтеді. Айына 4 жастан жоғары 20 баланы тегін қатыстыру көзделген. Біздің волонтерлік топ екі жылдан бері өңірде көптеген волонтерлік жобаларды, іс-шараларды тұрақты түрде топ мүшелерінің қаржыландыруымен немесе демеушілердің көмегімен өткізіп келеді. Биыл шілде айында облыстық балалар ауруханасымен біріккен «Жаныңдамын!» жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Сенбі, жексенбі күндері ауруханада ем алып жатқан балаларға сурет салудан шеберлік сыныптарын өткізіп келдік. Кейін аталған жобаны ойлап, бірінші рет конкурсқа тапсырып қарадым. Конкурсқа қатысарда ұзақ ойландым, бір күндік жоба емес, нәтижесін беретін, ұзақ мерзімді жоба ұсынғым келді. Міне, бүгін осы идеяның жемісі алдарыңызда. Жасаймын деген адамға аз ғана қаржымен үлкен дүние жасауға болатынының дәлелі. Құм терапиясы мен ертегі терапиясын біріктіру арқылы балалардың сөздік қорын дамытуды, өміршеңдігін жоғалтып бара жатқан қазақ ертегілеріне деген құштарлықты арттыруды мақсат еттік, - деді М.Есниязова.

Фото: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ