Атырауда ер адам бесінші қабаттан секірмекші болды

Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің бесінші қабатынан секірмекші болған ер азамат құтқарылды, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«20 қазан күні сағат 15:55 шамасында 102 арнасына Жылыой ауданы №2 шағынауданының 1985 жылы туған тұрғыны күйеуінің бесінші қабаттан секіргелі тұрғанын хабарлаған. Аталған хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторлары полиция лейтенанты Алтай Дүйсенғалиұлы, Нұрасыл Муканов, Бауыржан Тасекенов және полиция капитаны Әділет Рахымұлы мекенжайға уақытылы жетіп, алдымен әйелімен сөйлесіп, терезеден секірмекші болған күйеуін үй ішіне тартып, құтқарып қалған. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуі арқасында өзіне қол салмақшы болған азамат құтқарылды», - делінген хабарламада.

Мәселенің мән-жайын анықтау кезінде әйел күйеуінің мас күйде келіп, мазасын алғанын және  бесінші қабаттың терезесіне шығып, қорқыту мақсатында суицид жасамақ болғанын жеткізген. Дәрігерлік сараптамадан өткізген кезде оның мас екендігі анықталды.

Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің нәтижесінде ер кісі құтқарылды. Мәселенің мән-жайы анықталып, қырықтағы қала тұрғынымен түсінік жұмыстары жүргізілді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА