Жұмағазиевтер отбасының тұңғыш сәбиінің есімі – Мухаммад. Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, ақжолтай жаңалықпен құттықтап, сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі,-деді С.Шәпкенов.
Шарада «Отбасы банк» АҚ облыстық филиал басшысы Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгелік сертификат табыс етті. Бұл сомманы баланың болашақтағы қажеттіліктері үшін банк депозитіне салып, Мухаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.
Сондай-ақ, облыс әкімі сәбиге 2 млн теңгелік «Отбасы банк» сертификатын және арба мен автокресло сыйлады. Бұл қаражат аранйы шотта жинақталатын болады. Болашақта бала сол ақшаға баспана алуына болады немесе оқуына жұмсай алады.
- Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Кейін дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар,-деді Берік Жұмағазиев.
Мухаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келді. Бойы - 54 см, салмағы - 3 660 грамм. Әкесі Берік Жұмағазиев, анасы Айдана Оразымбетова. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.
«Тұңғышым таңғы сағат 8.10-да өмірге келді. Жағдайым жақсы. Мен бұл баланы Құдайдан сұрадым, ол берді» дейді 29 жастағы анасы Айдана.
Айта кетейік, бұл күні өңірде барлығы 6 ұл мен 11 қыз бала дүниеге келген. Ал, жалпы, жыл басынан бері аймақта 14 мыңға жуық сәби дүниеге келген.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ