Атырауда электр желілері жөнделіп, қалпына келтірілуде

28 желтоқсанда ауа-райының бұзылуынан (желдің (кей жерде  қатты) жылдамдығы 28 м/с дейін, жаңбыр мен қар аралас) аймақтың кей бөлігінде электр желілері апатты түрде сөндірілді.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірдің электр желілеріндегі апаттық жағдайды жою үшін жедел штаб отырысын өткізді. Штаб отырысында апат салдарынан қаладағы 12 елді мекен мен шағынауданның тұрғындары жарықсыз қалғаны айтылды. Олар: Қараөзек, Ескі әуежай, Память Ильича ауылы, «Алмалы құс», «Атырау облысы Су арнасы» өндірістік нысандары, Чехов көшесі, Ақсай, Бесікті, Талғайран ауылдары, Алмагүл шағынауданы,
 тұрғын үй алаптары (жеке сектор), Зарослый, Қызылбалық және бекіре зауыты.

 «Атырау Жарық» АҚ авариялық бригадасы  дереу іске кірісіп, сағат 23:50-де жарық берілді. 40-тан астам тұрғын жарықтың жоқтығы туралы өтініш берді. Қазір мамандар бұл желілерді тексеріп, жөндеу жұмыстарын  жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, Құрманғазы ауданының шалғай орналасқан Үштаған, Асан, Жалпақ ауылдарында да электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүруде.

Апатты жою үшін барлығы 22 жедел авариялық бригада жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша – 14, облыс бойынша – 8 бригада. Барлық материалдық ресурс пен арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта апатты толық жою бойынша барлық шара жасалуда.