Атырауда елді мекен мәртебесін ала алмай жүрген ауыл бар

Махамбет ауданына қарасты "Өткел" ауылы көп жылдан бері елді-мекен мәртебесін ала алмай жүр, деп хабарлайды ATPress.kz.

 Бұл сол жердегі тұрғындарды алаңдатып отырған басты мәселе. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың Махамбет ауданына болған сапарында өткелдікер бұнда тұратын 25 отбасының жол, су, жаяу көпір мәселесі шешілсе деген өтініштерін білдірді. Тұрғындардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған мәжіліс депутаты аудан әкімі мен тиісті бөлім басшыларына барлық өтінішті аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Тұрғындардың жағдайын Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің алдында көтеретінін айтты ол.

 Халық қалаулысының қабылдауына арнайы жазылған басқа да тұрғындар сауалдарын жолдады. Қабылдауда көп балалы аналар жоғары оқу орнында оқитын балаларының оқу ақысына көмектесуді, мүгедек баласын шетелге емдетуге қолдау көрсетуді, кезегі келгенше уақытша тұратын тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады.