Атырауда экологиялық айыппұлдан түскен қаржы халыққа берілуі мүмкін бе?

Қаңтар оқиғасы кезінде Атыраулық бастамашыл топтың билікке қойған бір талабы экология мәселесі болатын.
«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде ҚР Парламент сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевтың журналистермен болған кездесуінде тілшілер осы мәселені көтерді.
«Бастамашыл топтың бір талабы - аймақтағы экологиялық ахуалды реттеу. Дәлірек айтқанда, ірі мұнай компанияларынан түскен айыппұлдардың бір бөлігін Атырау халқына беру. Бұл ұсыныс жүзеге асуы мүмкін бе?» деді жаңа медиа және өңірлік комуникациялар бөлімінің басшысы Баян Жанұзақова.
«Бұған дейін мемлекетке табиғатқа келтірілген зияндар үшін төленетін айыппұлдан түсетін қаржы әр салаға бөлінетін. Алайда, бұны табиғатты қалпына келтіру жұмыстарына жұмсаған жөн. Біз сол бағытта жұмыстанып жатырмыз. Ал, айыппұлдың ақшасын халыққа бөліп беру қисынсыздау. Өйткені, олай болған күнде ауаға келтірілген зияндардың орны толмас еді» дейді Ғұмар Дүйсембаев.